06.09.2026
Оқушылардың цифрлық ортада қауіпсіз әрі жауапты мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру, ақпараттық сауаттылық деңгейін арттыру және интернеттегі ықтимал қауіптердің алдын алу мақсатында Ақмола облысы білім басқармасының Шортанды ауданы бойынша білім бөлімінің «Жолымбет ауылының жалпы білім беретін мектебі» КММ-де профилактикалық жұмыс аясында «Қауіпсіз интернет» тақырыбында ақпараттық сағаттар өткізілді.
Ақпараттық сағаттар барысында оқушылар интернет желісін қауіпсіз пайдаланудың негізгі ережелерімен танысты. Жеке деректерді қорғау, сенімді құпиясөздерді құру, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде қауіпсіз қарым-қатынас жасау, алаяқтық хабарламалар мен күмәнді сілтемелерді ажырату мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Педагогтер оқушылармен кибербуллинг, интернет-алаяқтық, зиянды контент, гаджеттерге тәуелділік сияқты өзекті мәселелерді талқылады. Сонымен қатар бөгде адамдарға құпиясөздерді, растау кодтарын, құжаттардың фотосуреттерін және басқа да жеке ақпаратты беруге болмайтыны ескертілді.
Оқушыларға практикалық кеңестер берілді: бейтаныс адамдармен хат алмасуға түспеу, интернеттегі ақпаратқа сыни тұрғыдан қарау, күмәнді сілтемелерге өтпеу, желідегі әдеп ережелерін сақтау және қауіпті немесе жағымсыз жағдай туындаған кезде міндетті түрде ата-аналарына немесе педагогтерге жүгіну.
Іс-шаралар барысында тақырыптық жадынамалар мен презентациялық материалдар қолданылып, балалардың интернет кеңістігінде кездесуі мүмкін түрлі жағдайлар талқыланды.
#Адал_азамат
#Біртұтас_тәрбие
#aqmola_metod_center
#aqmolaoblysybirtutas_tarbie
#oqu_agartu_ministrligi


